Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  223


Автор: Есләм Зікібаев

ЕЙ, БАУЫРЛАРЫМ

Ей, бауырларым!..
Төтен болды бұл жолғы ауырғаным.
Дүниені ұршықтай шырқ үйіріп,
Көз алдыма əкелді ауыл маңын.
Өткендерім, алыстан кеткендерім,
Жетпегенім жəне де жеткендерім,
Өмір деген əдемі ақ дəптерге
Салған ою-өрнегім, шеккен зерім...
Көз алдыма келеді дөңгеленіп
Маңдайымнан аймалап ескен желім.
Ескен желім!..
Жалаң аяқ майсасын кешкен жерім,
Жыл айналып қалыпты-ау көрмегелі,
Көрмей қалай сені ұлың өлмек еді?
Тас қияға қадалып тырнағымен
Өмір дейтін биікке өрмеледі,
Бұл əзірге отының сөнбегені,
Тауқыметтің ырқына көнбегені.
Есіл бойын, қаптаған ен тоғайын...
Жағасында жайлаған ел толайым.
Сағынды ұлың, арманын сабылдырып,
Ормандарын – тербелген ерке қайың.
Сал қарағай, үйеңкі, қалың терек...
Сыбдырлайды адамның жанын тербеп.
Перзентіңнің шайқалған əлсіз кезі,
Жіберіңдер қолтықтан бəрің демеп.
Демеңдер, кетейін бір қуаттанып,
Жандарыңнан шипалы шуақ тауып.
Айналайын, сендердің тілеулерің –
Тұрып кетсем шайқалып құлап барып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу