Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  116


Автор: Есләм Зікібаев

ДОСҚА ХАТ

Біле тұрып, біле тұрып алданбаудың керегін,
Мен өзіңе өмір бойы алданумен келемін.
Басқалардай көпке айтпаймын, өкпе артпаймын тағы да,
Артып қайтем, айтып қайтем – сен білесің себебін.
Елу алты – астанаға жетіп едік бəріміз,
Асхананың тегін наны – бойға қуат нəріміз.
Сан қиыннан, əр қиырдан жолдарымыз тоғысқан
жетім едік, ұмытпауға тиістіміз əлі біз.
Бес жыл жаттық бір бөлмеде, бес жыл таттық бір дəмді,
Одан соң да көп су ақты, көрдік талай сынғанды.
Тіршіліктің арқасында тырбанумен келеміз,
Ойлап көрші, сол жылдардан кімдер өтіп, кім қалды?..
Бəріміздің жанымызда айықпаған мұң бар-ды,
Бірге отырып сыбаушы едік жəй ұқпаған мұндарды.
Сыбайтын да, сынайтын да сол кездегі достардан
Қарашы өзің алды-артыңда «міне!» дердей кім қалды?
Аз-ау бүгін, аз-ау бүгін...
Қарашы оң, солыңа,
Алдыңда да аз, ергендер де көп емес-ау соңыңа...
Шолақ қамшы сабындай-ақ мына келте ғұмырда
Артық болмас есіңе алып қойғаның бір соны да.
Арман-тауға бірде жетпей, бірде жетіп қолымыз,
Сан тоғысып, сан айрылды тағдыр атты жолымыз.
Біреу білер, біреу білмес, одан бізге не залал –
Бəрібір де ұмытпауға тиістіміз оны біз.
Бұл фəниде болмайтындай ұтылыссыз кіл ұту,
Ұмытпауға тиістіміз, мүмкін де емес ұмыту.
Əр шақтарда – мансаптан да биігірек тұратын
Бар, бауырым, ДОСТЫҚ атты ұлы ту!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу