Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  113


Автор: Есләм Зікібаев

АЛДАНБАСҚА АЛДАНАМЫЗ

Бірімізді біріміз арбай-арбай,
Қырға шығар екенбіз алда қандай?
Қулығымызды əр жерге өткіземіз,
Тəтті беріп баланы алдағандай.
Ағаны айтпа, қу сенен інілерің...
Алға тартып бірі артық, бірі – кемін.
Айналамды қусырып барады орап,
Жететіндей түбіме түбі менің,
Түңілемін,
Түңілем,
Түңілемін!..
Адамнан ба?
Білмедім, заманнан ба?
Ұмтылады озсам деп балаң да алға.
Өлермендей ес-түссіз өңмеңдеген
Өңездер көп –
Секілді арам қарға,
Шараң бар ма шектерлік,
Шамаң бар ма?!
Өз дəуіріне өкпелі Абай қалай
қамықты екен,
Қайранмын, ой, Аллам-ай!
Бүгін келсе оралып ортамызда
Өкінішпен артына қарай-қарай:
«Айтым, – дер ме, – көп сөзімді абайламай!..»
Кəрі мұңды, қарасаң, жас та мұңды...
Жұбатамыз жел сөзбен аш қарынды.
Əр тарапқа ұйтқыған ызғырық жел
Əр жақа алып кетердей бастарыңды.
Абай!
Абай!
Ғасыры арман-аңыз,
Бүгін ойлап бəріне таң қаламыз.
АДАМ деген əйтеуір атымыз бар,
Болмаса алданбасқа алданамыз,
Алданамыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу