file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  148


Автор: Есләм Зікібаев

ҚИЫН СҰРАҚ

Емделем деп келсем-ақ қар жауады,
Ақ мамыққа бөлейді жар-жағаны.
Ой да, қыр да күмістей мөлдіреп тұр,
Таусылмапты аспанның маржаны əлі.
Ақ құс болып қонғандай құт ақпанда
Алдыңда – жаз, қысылып-жұтап қалма.
Ең дұрысы – ақ маржан ел ырысы
Қонып жатқан ақ қар боп бұтақтарға.
Таңда туған көрінді Ай жаңарып,
Ақ ұлпа қар ұшып жүр майда, мамық.
Көлбеңдеген көктегі көбелектей,
Қонақтарын білмейсің қайда барып.
Көрінбейтін шет-шегі өңірде кең,
Құйқылжиды құбылып көңіл-дөнен.
Ертеңіңнің елесі ертегідей –
Бара жатыр қымбаттап өмір деген.
Суың да пұл ішетін, уың да пұл,
Соның өзі құздың құз-шаңында тұр.
Көлеңкеңнен қорқасың көлбеңдеген,
Көрінгенмен сырт көзге бүгін батыр.
Көкжиектен көрініп таң келеді –
Ұйқысынан оятып жан-денені.
Сырымды ұдай тартпайды бұрынғыдай
Тебірентіп-тербетіп əнге мені.
Ұбақ-шұбақ созғандай өмір көшін
Не бір қиял тербейді көңіл көшін.
Күннен-күнге көмескі көкжиегің –
Көз ұшынан бұлдырап көрінгесін.
Тіршіліктің бар болсаң төріндесің,
Шара-шалап шайқалып төгілмесін.
Ертелі-кеш бір жерде тірелесің,
Қисая кетсең ертең елім де – сын.
Тіршілікке тойыпты жалғанда кім,
Жайқала түссе дейсің орман-бағым.
Төбеден төккен жаһұт-маржандарым –
Құйылған көктен бақыт-армандарым,
Ырысқа балап қоям жауған қарын.
Қаптаған жерім де – өлең, көгім де – өлең,
Барлығым да сүбесі сөгілмеген.
Асылдарым көрініп, көрінбеген,
Жасындарым төгіліп, төгілмеген...
Қиын сұрақ, тірлігім тиын сұрап
Қымбаттап бара жатыр өмір деген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу