Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  76


Автор: Есләм Зікібаев

ШЕР ТОЛҒАУ

Жастайымнан көрдім мен екі дəуір,
Ащы таяқ көп тиді етіме ауыр.
Бас көтерер ерлері қан кешуде,
Зарлаған жетім бала, жесір əйел,
Қорғаны жоқ шал-кемпір – жетім ауыл.
Жыр да жазғым келмейді содан кейде,
Құйтырқы арман боламын, толам дей ме?
Ашқұрсақ, күтеріміз – бір үзім нан
Жалаңаш етімізде жалаң жейде.
Көп міндім жүйрікті де, шабанды да,
Көп көрдім жақсыны да, жаманды да...
Тоздырып темір етік, темір таяқ,
Қажаттым қайрақ тасқа табанды да.
Ағайынның азары аз, безері жоқ,
Көңілім əр нəрсеге алаң мына.
Жасынан астым, міне, пайғамбардың,
Көрдім көбін табаны тайған нардың.
Көрдім тағы кезіңде айқап-шайқап
Енді əркімге алақан жайғандардың.
Кер кеткеннің кер кебін кимейін деп
Əр қияға саламын айламды əр күн.
Бас имеске бас идім, ой, Аллам-ай,
«Желге, селге ықпаған ноян қара-ай!..»
дейтін еді əзілдеп жеңгелерім,
Құдай берген қалпымды қоям қалай?!
Көбін көрдім жақсы мен жаманыңның,
Сиқы осы ма мен күткен жаңа күннің.
Айтқан сертте сері боп тұра алмаймын,
Бүрі кеткен тайғанақ табанымның.
Кімнен пана іздеймін, қайда барам –
Ойламасты кей-кейде ойлар адам.
Құмға шөгіп, кемесі қайраңдаған,
Алақанын əркімге жайғанда əман,
Өзін-өзі ірітіп ойрандаған,
Қайран заман, ісіңе қайран қалам.
Астарында – алтын тақ, күміс тақтай,
Заман ойнап тізгінін тұр ұстатпай.
Балалары ата-анасын бақсын дейді,
Ал олар тентіреп жүр жұмыс таппай.
Арманының ұшығы бір ұстатпай,
Тентіреуде телміріп бір іс таппай,
Енді біреу долларды ойнатады,
Одан басқа қазаққа ырыс жоқтай.
Жан қысылса өлмейтін өзегі нəр,
Қиындыққа төзбейтін төземін əр.
Орыстың, еврейдің, немістің де...
Толып жатқан басқа да жер үстінде
Қиналса жиып алар өз елі бар.
Демегін тозақ қайда, азап қайда,
Мына заман бізді шын мазақтай ма?
Ата жұрттан басқа ауар мекені жоқ,
Заман қысса, ауады қазақ қайда?
Суық түссе ауатын тамам құсша
Қулығы жоқ бейшара, амалға ұста.
Ата-баба мекенін артқа тастап,
Елім қайда барады заман қысса.
Ақының да, аламан батырың да,
Жетімің де, жесірің, пақырың да...
Кете бере ме əркімнің тақымында.
Қара Ертіс те, Бастауы Қытай бетте
Не болады бұл заман ақырында.
Жер Күнді емес, сол Жерді Күн айналса,
Таңданбайтын шығармыз оған да онша.
Қара қытай-шегіртке қаптамай ма,
Нəрлі суың У-менен лайланса.
Ойлағыштар бұған да бір ойланса.
Жыламаймын деймін-ақ, жыламаймын,
Жыламасқа қоймайды-ау мына жайым.
Бəрін жұтар бұл заман – сірə, Жайын
Басымызға Албанның күні түссе,
Берер ме екен қол ұшын бір ағайын?
Биік мансап, жоқ тағы зор атағым,
Білемін тек күн батып, таң атарын.
Сыртқа шықсам, қамығып қажып қайтам,
Шалдар жайып жүргенге алақанын.
Өз тірлігім – өз хұқым, неге өкінем,
Ақынмын деп қайда да енетін ем.
Кеше бізді оқ пен от, жел өтінен
Қорғағандар қоқтықтан нəр іздеп жүр,
Елге ермін деп қараймын не бетіммен.
Тастандылар қаптаған қаңғырыста,
Заман – тыныш, кəнекей, заң дұрыс па?
Күн батпай-ақ көшеге шыға алмайсың,
Қағып кете береді əр бұрышта.
Ішім иттей ыңырсып, ұлығында,
У құйылып кетердей жылы қанға.
Əрі-сəрі дел-сал бір күй кешемін,
Тілемеймін күйімді тірі жанға,
Менде ой да, ми да жоқ мұны ұғарға.
Тегіс жерде тайғанап сүрінемін
Тағдырымның алдамшы жыны бар ма!
Əр қиырдың ұлымыз, əр атаның –
Өз ұлтының ойлайтын ар, атағын.
Өлім тілеп отырған қартты көрдім
Жайып жұртқа мүсəпір алақанын.
Батар екен бүгін кеш қалай күнім,
Атар екен қалай боп ала таңым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу