Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  121


Автор: Есләм Зікібаев

Бас ауырып, балтырың сыздағанда...

Бас ауырып, балтырың сыздағанда,
Ет жүрегің езіліп мұздағанда...
Бəрін-бəрін ұмытып бар-жоғыңның
Ғашық бола түсесің қыз-ғаламға.
Ырғағынан жаңылмай жыршы күнің,
Жапырағын жаяды бүр шыбығың.
Мың күн жұмақ бəрі бір қызықтырмай,
Ыстық тарта түседі тіршілігің.
Əні қандай тірліктің, сəні қандай...
Кедейлік жоқ, кемдік жоқ бəрі бардай.
Кейде тіптен əшейін пенделікпен
Жүріппіз-ау жұмақты тани алмай.
Айналайын тірлікте жүріп мынау,
Босқа жылап, құр босқа күліппін-ау.
Жан мұрынның ұшына келген шақта
Өмір қымбат екенін шын ұқтым-ау.
Шүкіршілік, екі қыз, бір ұлым бар,
Табан тіреп тұрардай тұғырым нар.
Үшеуі аман жүргенде менен асқан,
Менен асқан адам аз ұғыныңдар.
Бірінен соң бірі кеп балаларым,
Жасап жатыр тірліктің бар амалын.
Əупірімдеп жабылып көтергелі
Құздан құлатпаймыз деп қара нарын.
Əке болып солардан қызық көріп,
Танығандай болдым-ау жаңа бəрін.
Қарашығы көзімнің – құлындарым,
Ұқпай келген екем-ау бұрын бəрін,
Желкілдетіп бұрымы, тұлымдарын,
Балапандай шарқ ұрып шырылдауын.
Алакөңіл арманшыл ала таңдар,
Аялаған анамдай алақандар...
Мен тірліктің көрдім ғой көп қызығын –
Басқа тілер тəңірден жоқ құзырым,
Артымда сендер аман жүріңдерші,
Ақ қауырсын, сары үрпек балапандар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу