Өлеңдер ✍️
ИТ ИТ БОЛЫП ҰЛИДЫ...
Тіршіліктің бұйырмай сый төрінен,
Көкірегінен мұңды зар, күй төгілген.
Жандар өткен еңсесін бір көтермей,
Ит ит болып ұлиды ит-өмірден.
Жаралы жер, жаралы ел, жаралы аспан...
Бəрі ит-тірлік – ит-өмір жағаласқан.
Дүниеге келгенде түгел таза,
Ойламаған татам деп харам астан.
Аш-жалаңаш күйіне қарамастан,
Ойламаған татам деп харам астан.
Тегіс жерде жүру де қиын екен,
Келе-келе оны да қара басқан.
Қара басқан, сəл ғана жаза басқан,
Тойымсыз жан тоқ жүріп азар аштан.
Өмір солай тұңғиық ми-сорына
тарта берген... Жаралы ел, жаралы аспан.
Шалыс басты бір қадам – қандай қадам?
Қалай басқан? Қайранмын, таңдай қағам!
Түсейін деп түспейді тұңғиыққа,
Жанайын деп тозаққа жанбайды адам.
Айналасы құз-жартас – қатер еді,
Албастыны күні үшін «Əке!» – деді,
Демейін-ақ деп еді, амалы не?
Өмір өзі қақпалап əкеледі.
Ескен желдей еркін-ді, қимағаннан
Көкірегінде күрмеліп күй қамалған.
Келе-келе айрылды бəрінен де,
Жетекке ерді тайлақтай бұйдалаған.
Шарайнасы секілді күй-көңілдің,
Жадау тартып барады сиқы өңірдің.
Адам басы – тағдырдың тепкен добы,
Босағаға айналса жеткен төрі,
Иті болып ұлиды ит-өмірдің,
Иті болып ұлиды ит-өмірдің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter