file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  103


Автор: Есләм Зікібаев

ЕЗ БОП КЕТЕ БЕРЕДІ...

Ез боп кете береді ер дегенім –
Езді қалай ерменен теңгеремін.
Тірі жүріп ұяттан жерленемін,
Қайдан алам тəңірдің бермегенін?
Бір үйірдің төлі де құла, алалы...
Тəңір берсе, барыңды кім алады?
Жайшылықта екінің бірі батыр,
Ерлік, ездік майданда сыналады.
«Пəле-жала, – дермісің, – кімге қайдан?»
Тыныштыққа не жетсін ірге жайған.
«Қой үстіне бозторғай ұя салған» –
Тірлігіңнің өзі де күнде майдан.
Біз малтығып жүргенмен, асықты өмір,
Шамаң келсе, арнаңнан асып, төгіл.
Аласұрған дарияның толқынындай
Əр жағаға соғады ғашық көңіл.
Мен де өзімнің əлімше көпті көрдім,
Отты көрдім, жайнаған шоқты көрдім...
Елпең қағып ездерше күн кешкенше,
Өртеніп жанып кетсем деп тілермін.
Ерліктің көз ашқаннан құшқаны – нұр,
Ездіктің əзəзіл боп мыстаны жүр.
Асылды арамзадан айыруға
Əттең, жете бермейді қысқа ғұмыр.
Ез боп кете береді ер дегенім,
Тірі жүріп ұяттан жерге енемін.
Көріңдерші, өлгенім – терлегенім.
Тура қарар бетім жоқ елге менің,
Езді қалай ерменен теңгеремін,
Қайдан алам құдайдың бермегенін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу