file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  126


Автор: Есләм Зікібаев

Жыласақ жыр жазамыз...

Жыласақ жыр жазамыз,
Құласақ жыр жазамыз...
Біреулерді мадақтап, марапаттап,
Шыңға шығып марқайсақ бар атақты ап,
Күл қоқысқа айналсақ жала таптап...
Жыр жазамыз, тағы да жыр жазамыз,
Ақын-өмір ғажайып тұнған аңыз.
Арман – арман жезкиік ала қашқан,
Көз ұшында сағыммен араласқан.
Қос өкпемді қолыма ап қуып келем,
Өлген-тірілгеніме қарамастан.
Өмірден тыс кімді кім жарата алмақ,
Қуанған да кезім көп алақайлап.
Суалған да кездерім аз болмады,
Жүрегімде қалды кіл қара таңдақ.
Құлай түсіп біреуге сенгенімде,
Сенгенімде,
Еркіне ергенімде,
Орта жолда қалдырып қор ғып кетті,
Көмгендей-ақ тірідей жерге мүлде.
Бəрі соның жырымда,
Жыр жаздым кеп...
Таттым талай зардабын ызғардың көп.
Өлеңменен өртеніп кетердей ем,
Су сепкендей күл болды қызған жүрек.
Қайран жүрек албыртып ала қашқан,
Алақұйын додаға араласқан,
Бір көмбеде қалдырып кетермісің,
Сырласым, мұңдасым ең бала жастан.
Бəлкім, бұл да пенденің пенделігі,
Жетіп жатыр көңілдің кенде күні.
Жылап, жұбап өлеңге мұңын шаққан
Жүрегі шерлі ақынның мен де бірі.
Кейде жылдар артымда жəй қалғандай,
Медеу табам жаныма қайдан, қандай?
Бір сүрлеумен келемін,
Алдым бұлдыр –
Өз өсімен Жер Күнді айналғандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу