file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  105


Автор: Есләм Зікібаев

СЫРТЫ БАЗАР ҮЙІМНІҢ...

Сырты базар үйімнің, іші базар,
Үлкен базар қайнаған, кіші базар...
Төңірегім кіл сауда, сауда, сауда...
Періште болам деген кісі де азар!
Алдап сатып,
Біреуден алдап алып,
Күнге жеттік ұтсам деп жан бағарлық.
Өңім түгіл, түсіме кіріп-шықпас
Тірлік кешіп келеміз таң қаларлық!
Сағасынан сүңгіні қанға малып,
Барымтамен жан кешіп малды аларлық,
Жауым да жоқ, бітіспес дауым да жоқ,
Жоққа беріп жүрердей, бардан алып.
Бір қарасам – тірлігім қызығарлық,
Шын қаласақ, түсіріп қызып алдық.
Жер басып сау жүргенім – бұл да сауда,
Жұмбақ əлем, белгі жоқ біз ұғарлық!
Жан күйе ме егіліп, ол да – сауда,
Жар сүйе ме беріліп, ол да – сауда...
Біреулерді біреулер алдап кетсе,
Жау алғандай жалпақ ел той жасауда.
Сыртым түгіл, кеудемнің іші базар,
Базар қуып жүргеннен ісім азар.
Дөңгелегі дəуірдің тұр айналып,
Тоқтата алмас енді оның күшін ажал.
Жас қылғаннан, адамды мас қылғаннан,
Толасы жоқ тоқтамас тасқынды арман.
Қайда апарып соғады «тақсыр-жалған»,
Амалым жоқ қолымнан келер басқа,
Тағдырымды Аллаға тапсырғаннан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу