file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  121


Автор: Есләм Зікібаев

ТҮСІНДІ АҚЫН

Таңдаулылар дем алатын жер еді,
Ақынға да сол болатын керегі.
Томпаңдаған немересін қасына ап,
Бірер жұма барып қайтсам деп еді.
Жан Ердені жігіт болып, ес кіріп,
Бал тілінен балдай самал естіріп,
Думан қалып жүрер еді жанында –
Таза ауада дамылдаса кешкілік.
Келіп жатқан еңістен де, өрден де...
Басқалардың немересін көргенде,
Ақын көңіл алабұртқан бой бермей,
Бір əкіммен хабарласты сол демде.
Телефоннан көрмесе де түр-өңін,
Сыпайылап айтып бақтым тілегін.
Арғы жақтан жауап-дауыс естілді
Деген: «Аға, мен ғой сізді білемін!»
Біледі иə!..
Ақынды жұрт біледі...
Демек, енді орындалмақ тілегі.
Мақтаныш бір сезім билеп өн бойын,
Шабыттанып, жиі ұрғандай жүрегі.
– Бірақ, – деді қарлыққандай дауысы, –
Балалардың жатпайды онда бəрісі,
Немерелер, немерелер... əр түрлі,
Бар тағы да толып жатқан мəнісі...
Сізге айтпайтын...
Түсінді ақын бірден-ақ,
Қайран көңіл гүлден нəзік, гүлден ақ...
Бес жыл бұрын анау жүрген баланы
Ерденімен алып шыққан бірге орап.
Естімеген ес білгелі оңдайды,
Ақынды əкім қалай-қалай қорлайды?!
Сəбилерді сортқа бөлген бұл жерге
Баруға да, қалуға да болмайды!
Түсінді ақын, бұл қорлықты өмірі
Ұмыта алмас, қалды тас боп көңілі.
Бөбектерді бөлектеген сол жерден
Біржолата қайтып кетті сол күні!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу