file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  143


Автор: Есләм Зікібаев

ЕСІЛ КӨҢІЛІМ

Əн азайып, өмірде сəн азайып...
алаяқтар жаныма жара жайып,
зұлымдықтар сүліктей сумаң қағып,
жақсылықтың барады бəрі азайып.
Ірбің-кірбің кірлетіп көңілді аппақ,
жалынымен жайлады өңірді аптап.
Бүйі шағып алардай жиырыласың,
табаныңның астынан шөгір қаптап.
Күндеріңнің құтынан жұты басым,
жұты басым, қылғынып жұтынасың.
Ен дарияның ішінде шөлің қанбай
тұрғандайсың, қайткенде құтыласың.
Тірлік керек, бұл тірлік неге керек –
Сұрап көрші, зекісін – Немене? – деп,
қанға біткен қазына-байлық-ау деп,
жатқан жан жоқ талантты елеп ерек.
Тірлігіңде төбе де, тау да көрдің,
басын талай құтқардың даудан ердің.
Еркіндігін қорғаған жаудан елдің
батыры мен қазақтың ақынынан
бағасы артық бүгінде саудагердің.
Намыс жыртар кімің бар, кімің қалды,
жөн айтты-ау деп кім елеп тіліңді алды,
сөзін қойып абыздың өзін да ұқпас
есіл сөзің есерге шығындалды.
Несін білдің оның да, несін көрдің,
түйіні жоқ шешім мен кесімдердің.
Талайынан торығып, түңілгендей
қалмады ма емексіп есіл көңілің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу