Өлеңдер ✍️
ДҮНИЕ КӨЗ АЛДЫМДА
Ойға түсем,
Жармасып жарға шығам,
Тағдырым ауыр құйған қорғасыннан.
Көктемнің ауа райы секілденіп,
көңілім бұзылады болмашыдан.
Күліп тұрып жылаймын заматында,
Үрлеп қайта маздатам жан отын да,
Арманым от пен судың арасында,
Самғауым самұрықтың қанатында.
Ұшып барам – білмеймін қай биікте,
Төбемнен шапақ шашып, таң күліп пе?
Жазмыштың не жазарын жан біліп пе,
Тірлігімді тұқыртып жоятынын,
қоятынын мəңгілік соңғы нүкте.
Күлуден де қажимын, жылаудан да,
Мақтаудан да сазимын, сынаудан да...
Біріне де елігіп-елтімеймін
Көкірегімде құрысқан қырау бар ма,
Күн ауған ба төбемнен, шың ауған ба?!
Улар, булар жаныма жара жайып
Ойымды орап алған ба,
О, ғажайып!
Сұлуларға сұқтанар отты көз жоқ.
Əлмен бірге бара ма бəрі азайып,
Қатын ғайып, немере, бала ғайып!..
Тірі жүрмін дейсің тек өлмеген соң,
Кім айдаса, бұйдасыз ерген «ерсің».
Майып болған май шамдай жарығың бар.
Өлеусіреп жанасың сөнбеген соң
Ұзынның да шектеулі шет-шегі бар
Шəйтан болып кетсең де көрге енерсің.
Көресің бəрін-бəрін көр деген соң,
Сақалыңды сапситып, төрге өрерсің,
Емделерсің, дəтіңе дем берерсің,
Жел желпісе тербеліп сəмбі талдай,
Еріңнен ауа жаздап жөнделерсің.
Əн дүние – кең жазира, күрке есеп пе,
Қарттық па, құлақ түріп қырт өсекке
Түн бойы ұйқы көрмей деңбекшисің
Кемпіріңмен сыя алмай бір төсекте,
Қырсығың жүк болардай қырық есекке.
Ұйқы жоқ, неткен ұзақ таңдар еді
Кімдер бар күтіп тұрған алда мені.
Тығырық тіреп қойып жарға мені
«Мінекей, –дейді, – Елімнің ардагері!»
Тілдері тіліп түсер майда ма еді?!
Асылдар таңда туып, таңда өледі,
Масалдар көп жасауды сəн көреді,
Шемендей батар шөгір-шөңгелері
Білмеймін ЖҮЗДІҢ кімге бар керегі,
Боздақтар боздап өткен бəз ғұмырдан
Аз болып көргенінен көрмегені...
Шыңырау шыңға айналып ер дегені
Дүние көз алдымда дөңгеледі...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter