Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  99


Автор: Есләм Зікібаев

ОН БІРІНШІ ҚАРАША

Он бірінші қараша, жапалақ-жапалақ қар жауды,
Төкті тəңірім төбеден мөлдіретіп маржанды.
Алғаш жауған ақша қар – қыстың хабаршысы ғой,
Əбіржітіп тастады бейқам жүрген жандарды.
Отын керек үйіңе, малға азық-шөп керек,
Жаздағыдай жайылып еркін жүру жоқ демек.
Шақырусыз қыс-құда келіп қалды күттірмей,
Қалай кінə артасың тəңіріңе өкпелеп.
Қыс та, жаз да, көктем де, күз де өмірдей өткелек,
Тірлігіңде бірде аз, бірде михнат көп демек.
Соның бəрін бажайлап үнсіз мүлгіп-қалғыған
Міз бақпайды, əнекей, ауладағы көк терек.
Біздей емес, ол тіптен желге-селге қыңбайды,
Көңіліміздің күй-жайын қалғып тұрып тыңдайды.
Көкірегін кернеген қуаныш па, кім білген,
Əлде мүжіп жатыр ма іштей жеген мұң-қайғы,
Тебіренте ме табиғат тебіренткендей адамды,
Тербете ме бір мезет аспандағы Күнді, Айды?
Қыста қалғып, көктемде оянады қайтадан,
Тірлікті ол да адамдай ұнатады, айтады əн.
Ұғып жатқан жандар аз, пендеміз ғой өтпелі,
Көк теректің жай-күйін кім бар біліп-байқаған,
Теңіздердің тербетіп тыныштығын шайқаған.
Көк терек-ай, көк терек, көк терек-ай, көк терек...
Тірлігінде тоймайды пенде-көңіл, көп керек.
Ал сен болсаң адамның пиғылына қайран қап,
Жүргеніне тайраңдап тұр ма екенсің өкпелеп,
Шығып алып шеткерек.
Өкпелеме, қайтесің. Тəңірім солай жаратқан
Бар ғұмыры жаралған секунд, минут, сағаттан...
Көш-керуендей тынымсыз тоқтамайды бұл сапар
Бір толқынды бір толқын қуып жетіп, əрі аққан –
Арпалысып баратқан.
Қар жауып тұр себелеп, басылған жоқ əлі-əлі,
Ашылған жоқ телегей, ырыс болса жарады.
Жылдың ғажап мезеті, айдай аппақ ажары
Таусылмайтын тілектей қардың да əсем бар əні.
Төңіректе қараңғы, атпағандай таң əрі,
Бағандардың басында шамдар өшіп-жанады.
Шал таңырқап тағы бір терезеге қарады,
Сəл жабырқап кемпір де жұлдыздарын санады,
Алда қанша тағы да атар таңы бар əлі.
Кештен таңға ұласып себелеп тұр қар əлі,
Ат жалына жармасып уақыт кетіп барады,
Түннен күнге алмасып бақыт кетіп барады,
Жаңбырдың да, қардың да таусылмайтын бар əні,
Оралғанша тірліктің жадыраған жамалы,
Қашан, қашан келеді көктемі мен самалы?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу