Өлеңдер ✍️
БАЯН АУЫЛ
Баян ауылы,
«Баянауыл» атанған –
Күнге қолын созып жүрген,
Озып жүрген қатардан.
Ел көңілі көтерілсе,
Көкейде
Күмбір қағып,
Қалықтамай жатар ма əн.
Жазда келдім,
Жерін көрдім жайқалған.
Егін көрдім –
Көк теңіздей шайқалған.
Көкірегіне күннің нұрын қондырған
Елін көрдім,
Ерін көрдім майталман.
Арманына тұғыр еткен асқарды,
Көрдім қия асулардан асқанды.
Ерлерімен ел көңілі арымас,
Қарттарды да көрдім талай жаны жас,
Көрдім жəне ел ағасы – жастарды.
Бірі – құрбы,
Бірі – іні,
Бірі – аға –
Əрқайсына берген өмір сыбаға.
Өз ісіне жетік бəрі, ғұлама,
Жер зергері –
Диқан баба шетінен
Осы ауылға жиналған-ау сірə да.
Сөйлеп кетсе.
Біреуінен бірі асқан –
Ізгі ниет игі іспенен ұласқан.
Ер еңсесін көтерердей көкжиек
Берекелі нұрын құйып тұр аспан.
Ел мерейін,
Ер мерейін асырған,
Жауқазындай жасыл белес, жасыл маң.
Диқандардың маңдай тері – жер нəрі,
Қырман таулар,
Қызыл бидай – асыл дəн.
Күз де жетті,
Сыналар шақ таянды.
Тағы келдім,
Тағы көрдім Баянды.
Дəн маржаны –
Əн маржанына астасқан
Асып-тасқан ақын көңілі аян-ды.
Аға,
Іні,
Құрбыларым жаздағы
Қуанышты,
Жас балаша мəз бəрі.
Миллионның толқынына тоғысып
Көкірегімде жыр алауы маздады.
Жоғары ұстап ер еңбектің гүл-гүлін
Шалқы, шабыт.
Шалқы, шаттық жыр бүгін.
Таудай биік көтерейік,
Көрсін ел
Ақындар мен Батырлардың бірлігін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter