file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  186


Автор: Есләм Зікібаев

БАҚЫТЫМ. БАРЫМ. БАЙЛЫҒЫМ!

Уа, ұлы Жеңіс!
Қыста да күттік,
Көктемде күттік,
Жазда да...
Соғыс біздерге əкелген жоқ-ты аз нала.
Оранды оққа,
Оранды отқа, күл болды
Сəулетті үйлер,
Саялы бақтар,
Өз қала...
Күттік біз сені қараңғы түнде түк көрмей,
Айдай бір сұлу аяулы жанын күткендей.
Өзіңсіз жəне,
уа, ұлы Жеңіс, ұқтық біз
Құтты мекенге қоярын тағы құт келмей.
Жүрсек те кейде көңілдер мұңды, шерменде
Сеніммен күттік,
Не жетсін, сірə, сенгенге.
Егіліп тұрып, езіліп тұрып жыладық,
Қуанып жүріп жыладық өзің келгенде.
Жаңғырып жерім,
Жайнады жəннат өңірім,
Нұрланды қайта құлазып қалған көңілім.
Десек те, Жеңіс!
Бір өзің үшін білесің
Қаншама боздақ қиғанын қыршын өмірін.
Білеміз біздер,
Біледі тарих санағы,
Ойласаң болды-ақ, өртейді сезім-сананы.
Гүлденген жерлер көміліп қалды күлменен
Мəңгі ұмытылмас уақыттың бұл бір сабағы.
Уа, ұлы Жеңіс!
Бақытым. Барым. Байлығым!
Шалқыған шаттық өзіңнің келген ай-күнің.
Қуанышымыздың бастауы сенсің, білеміз –
Соңы да сен бол Адамзат шеккен қайғының!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу