Өлеңдер ✍️
Мен еркінмін –
Мен еркінмін –
Елім еркін өйткені.
Жерім еркін,
Сенім еркін өйткені...
Санам еркін азат болған құрсаудан,
Көңілім де еркіндіктен нұр сауған,
Намысым да еркін енді, шүкірлік,
Аласармай тұр таудан.
Мына жалпақ ғаламда.
Көңіл – кептер алаңда.
Адам біткен бағынышты адамға,
Еркіндігің болмаса егер санаңда,
Қоғамыңды мақта,
Мейлің, жаманда...
Бос сөз болып қала берер бəрі онда.
Өң бе, түс пе?
Ұқпағандай əлі біз,
Жасымыз бен кəріміз...
Жанымызды құрсаулаған құса ғып,
Желтоқсанның жарқылынан күш алып,
Қамал бұзар қаһарманға ұқсадық.
Намыс үшін пида шыбын жанымыз,
Арыстанша Айға атылдық бəріміз!
Сарсаң ойлар санамызды сандалтқан
Сап болғандай –
Көп күттірген таң да атқан.
Кен де келді оңымызды,
Солымызды аңдатқан...
Жанымызда кек қалды,
Жүректерде шемен болып қан қатқан.
Өмір бойы аңсаған,
Шар болаттай шамырқанған, шаршаған,
Еркіндіктің лебін жұтпай тамсана,
Мəңгілікке көзін жұмды қанша адам?!
Еркіндіктегі он жылым –
Он ғасырға татырлық!
Еркін жазған он жырым –
Он жасынға татырлық!
Төбемізге намыс туын шатыр ғып,
Əз бабалар аруағын шақырдық.
Жақсылықтың болғай, тəңірі, ақыры құт.
Ер еңсесін ел көгіне көтердік,
– Міне, осы, – деп, – батырлық!
– Оян, қазақ! – деді ағалар.
Ояндық.
Арыстардың айтқанынан ой алдық.
Мəңгі мүлгіп күн кешуге бола ма,
Үйде отырып босағада қалдық та,
Үйде отырып тоналдық.
Өрлігіңді, ерлігіңді танытсаң
Ертеңің де болар құт!
Ерлер, ерлер!..
Тас шайнаған, құм жұтқан,
Шыңды көріп, сұмды көріп,
Мыңды ұққан.
Сезімдерін сертке байлап,
Өзін-өзі өртке айдап,
Құрсау бұзған құтылам деп құлдықтан.
Ерлігіне, өрлігіне ел табынар,
Боздақтарын боз далам да сағынар.
Қанымызда біздердің
Қайраттардың, Лəззаттардың... жаны бар,
Беу, ағайын, қалғып кетсе, намысыңды жанып ал,
Қыршын кеткен ұл-қызыңның ерлігінен тағлым ал!
Желтоқсан ба,
Қаңтар əлде ақпан ба,
Қыран қиял қанаттарын қаққанда,
Оянады қалғып кеткен бақтар да.
Оянады манаураған ақ таң да.
Қыршындардың жүрегі
Мұзда маздап,
Алаулайды ақ қарда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter