Өлеңдер ✍️
Өскемен. Үлбі өзені және мен.
Жалғыз дауыс дегенім – менің үнім...
Есенғали
Жырым менің жатырқап бұл қаланы,
Өзегіне дарытты кіл наланы.
Толқынына өксігім оратылып
Үнсіз ғана үлбіреп Үлбі ағады.
Арман болып үн қаттым өлеңдегі,
Селт етпеді сұр қала ...керең бе еді?!
Жағалауда жабырқар жалғыз терек.
Ести алмай дауысты тереңдегі.
Жалғыз терек Үлбіге үңіледі,
Үңілдірген тылсым бір күбір еді.
Құлағына жел болып уілдеген
Күңкілінен күдіктің түңіледі.
Үлбіге емес, қалаға мен өкпелі,
(Менің өкпем біреуге керек пе еді?!)
Жапыраққа айналған жаным қалсын,
Текті мұңға телініп теректегі.
Толқиды өзен тау төсін емізгенде,
Сыры терең тебіренсе теңізден де.
Құшағына құлармын қуарумен
Тепсініп кеп теректен жел үзгенде.
Шуағымен сәуірдің еріді мұң,
Шамырқанды кеуденің шері бүгін.
Жалғыздығы шалқытып жалғыз сәтке
Жағалауды жаңғыртар менің үнім...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter