file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  98


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ауылымның сыртында жалғыз бұлақ...

Ауылымның сыртында жалғыз бұлақ,
Тұнығына бас қояр жалбыз құлап.
Шілде-жазда салқындап күллі тірлік,
Қолы жетпей тұратын андыз жылап.
Сыңғырлаған үніне құлақ түріп,
Би билейтін гүл біткен... жылап тұрып,
Әуенімен келгендей ән салғысы
Танытатын еркелеп құрақ қылық.
Терең мұңмен астасып сыңғыр үні,
Тұнығына тұншыққан сыр дүбірі.
Түн құшағын ашқанда жылайтын ол
Нәзік жанын ауыртып гүл-ғұмыры.
Көрінетін бұл өмір сәл мұңдылау,
Уысында бұлқынтқан тағдыр мынау.
Асығады ол арналы ағындарға,
Жалғыздық-ай! Жанына салдың бұрау.
...Қыс келді де, арнасын мұз құрсады,
Қара жерден қайыр жоқ сыз құрсағы.


Тым-тырыс боп бұлағым тілсіз жатыр,
Сөйлер ме екен сынғанда мұздың сағы...



1993 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу