Өлеңдер ✍️
ШАПҚАНДА БАЙДЫҢ ҰЛЫ
Бірге жаттық жеті күн палатада –
Қаламасты көңіл шын жарата ма?
Сырымыз бен жырымыз бір арнада
тоғыспаса, күн батып, таң ата ма?
Қызығы мол қимайтын жас күніміз,
Тарқамаған əлі де мастығымыз,
Естен кетпес ол да бір дəурен еді-ау,
Тау суындай көпірген тасқынымыз.
Көңілде күй күмбірлеп, басыңда өлең,
Əр сəтің аяқталмас ғасыр дер ем.
Есіңде ме қыз қуған кездеріміз
Сабырханмен, Əсетпен, Əшірменен...
Қызғалдақтар құлпырып, сарғалдақтар...
жапырақтар, жаңа гүл жарған бақтар
Еліктіріп, елтітіп, еркіңді алған –
Армандап қал дегендей, армандап қал!..
Тіршілік – тұнған жыр мен тұнған əуен,
Үніне құлақ түріп, тыңдар əлем.
Сері ғып, сезімтал ғып жаратқандай,
Əлемнің əміршісі – бір ғана мен!
Ана сүті əн болып бойға дарып,
Жастықпен елтең-селтең тойға барып,
Қыз қуып, қызық қуып күн өткіздік,
Атақ, даңқ дегенді ойламадық.
Бірге ішіп жаспенен де, кəрімен де...
Мазасыз түстік талай əбігерге.
Шапқанда – байдың ұлы, кім ойлаған
пенде боп келеміз деп дəрігерге.
Пұшайман пенде болып дəрігерге,
Күніміз қарайды деп дəріге, емге,
ол кезде кім ойлайды, жəутеңдейміз,
Өзгереді екен-ау бəрі демде.
Жолаушының жаны бір кемедегі,
Арманың да, мұңың да теңеледі.
Өткеніңді ойласаң, көктеміңді...
Шет-шегі жоқ ой шіркін не береді,
Не береді жəне одан не келеді?!.
Ей, Мыңжасар!
Не ғажап күндер еді,
Сұрағанды Құдайдан кім береді.
Атақ та, абырой да, даңқ-дақпырт та...
Бұйырса, өзі жетіп үлгереді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter