Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  193


Автор: Есләм Зікібаев

ҒАБИТКЕ

Арқаның жазығынан самал есіп,
Тербеген қиялымды дала – бесік.
Ақын болсам, алтынға буланғаным
Ақ иық бабаларға қарап өсіп.
Қасіретті, қасиетті аймақ – шеңберлерім,
«Елімайлап» еңіреген ерлер демін
Сіміріп жастайымнан жұтып өстім,
Қожаберген, Шал ақын, Мағжан, Сəбит...
Туып-өскен бесікте тербелгенмін.
Үйренген ұлағатым елден менің –
Жүйрік пенен жабыны теңгермедім.
Көкірегі кен жандарға жақын жүріп,
Ертерек ұқтым ездің ерден кемін.
Құлазыса көңілім шерден менің, –
Тірі өлгенім, жөргекте жерленгенім.
Айтқаны нысанаға дөп тиетін
Көз емес, көрдім сөздің мергендерін.
Басынан күнде өткеріп ғадауатты,
Ел үстінен сел жүріп, заман ақты.
«Бейімбет жау болса, онда мен де жаумын!»
Деген сөзден көргендей ғаламатты,
Жанашыр жұрт жүрегін жаралапты.
Қопарылып кеткендей сең дүбіле,
Қушиып жүре берген кең дүние.
Ішін тартып ерінің ерлігіне,
Күңіреніп кеткендей енді, міне.
Көштен қалмас əйтеуір қосақ үшін
Əркім баптап бəйгеге ит қосады шын.
Бар ғұмырда жұлдыздай қатар аққан –
Елім мақтан тұтады лайығымен
Бір тамырдан нəр алған қос арысын.
Айдынындай шалқыған теңізінің
Сибан-керей – десеңдер негізі кім.
Қазағымның көгінде жарқыраған
Сəбит-Ғабит – қос жұлдыз, егіз ұғым.
Алда дəйім бəйгенің аламаны,
Қара сөздің қайыспас қара нары
Сарбаздарын самсаған ілестіріп,
Сəбит-Ғабит көш бастап барады əлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу