Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  118


Автор: Есләм Зікібаев

ҚОС ЖҰЛДЫЗ

Жазира, жаздың майда бір кеші еді,
Шалғынмен жүрген адам гүл кешеді.
Сарыарқа самалымен сусындаған
Көңіл-ай, жас сəбидей күнде өседі.
Тумаса осынау жерде Сəбит, Ғабит –
Тап мұндай сұлулықты ел білмес еді.
Жəннат жер қайда да көп көзді арбаған,
Жаныңды соның бəрі қозғар ма əман.
Қаншама асыл жайында шежіредей –
Аңыз боп айтылардай сөз қалмаған.
Бабалардан жалғасып балаларға –
Басынан талайлардың озған ғалам.
Ірім бе деп ойлаймын, пірім бе деп...
Сиынсам, көтерердей жырымды ерек.
Екеуі екі шыңындай Алатаудың –
Елестету, сірə да, мүмкін емес
Қос шырақтай бірінен бөлек.
Айыра бастағаннан ақ, қараны,
Жазғандарын келеміз жаттап əлі.
Сəбиті бар елміз деп,
Ғабиты бар...
Бар қазақ ұлдарымен мақтанады.
Айбынды екі арысы,
Екеуінсіз
Ашылмай қалар ма еді бақ-таланы?..
Арқаның жел тербеген дала гүлі,
Көзді арбар көркем өлең – тау, адыры...
Көктемдегі көшкіндей көз алдымда
Тоғысып жатыр жөңкіп бар ағыны.
Айналып оралғандай бала күні –
Отырды ойға батып қайран Ғабең,
Қас қағымдай екен-ау – қандай қысқа
Сексен менен сегіздің аралығы.
Алыстаған сағымдай мұнарланып,
Біртүрлі шұбарланып бара ма үні?..
Байқап ем келген бойда-ақ, бағана мен,
Сағыныш сарғайтты ма сананы əрең...
Қаншама қауышса да қаламенен,
Көңілі қалғып барып оянды ма
Адасып тапқандай-ақ Ананы əрең,
Балаға қандай ыстық Ана деген,
Данаға қандай ыстық дала деген!
Қызығып кереметтей келбетіне,
Аққудай айдындағы тербетіле...
Жұлдыздың жанарымен қарады əлем.
Шарқ ұрып сан қиялдың жетегінде...
Шарлаған алыс, жақын шет елін де,
Енді ұқты таңданудың бекерін де,
Меккеге күнде барып қайтса дағы,
Өткізген бір сəтіне жетпейді екен
Қасиетті ата-баба мекенінде,
Шын ұққандай құдіреттің не екенін де!
Ол, бəлкім, ойлады ма осы сапар
Қоштасып ақтық рет кетерін де.
Əсіре əшекейге төзбес əман,
Айтулы маңғаз қалпы, сөзге сараң.
Сол кеште ақтарылды-ау жұрт көзінде,
Біз білмес шыға келді өзгеше адам.
Қоймайтын жамандыққа жаны ұялай,
Сыр тербеп отырды бір қариядай.
Ай, жұлдыз аспандағы құлақ түрді,
Жұрт кейде күңіренді, жылап, күлді...
Армансыз ағылды-ау бір дариядай!
Сырдың кеші ұласып жыр кешіне –
Көрінді сəн ұядай, əн ұядай.
Ақтарылды Сəбең мен Мұхаң жайлы...
Қай кеуде, көр болмаса, тұтанбайды.
Көңілдер сөгілгендей көбесінен,
Гүлдің де мөлдіреген бүрі ашылды,
Көмілген көмбелердей мұра сынды.
Қанша жаз содан бері, қанша көктем...
Емен де бүршік жарды, арша көктеп.
Артта алыс жылдар қалды жұмбағы көп,
Құбылып көңілдерді дел-сал еткен.
Қоштасып отырды ма туған жермен,
Шет жайлап өмір бойы аңсап өткен.
Тағдырының тылсымын іздейтіндей
Əр жаққа алып ұшқан əр себеппен.
Аялап сал сезімді құсбегідей,
Сексенде серпін атып,
Күш кемімей...
Ұшқындап ойларынан от өргендей,
Бал сезім жерден басын көтергендей,
Бір сөзі бір сөзінен түскен үдей.
Қызығын тіршіліктің шеттеп көріп,
Із-түзсіз баз біреудей кетпепті өліп.
Тірлігінде-ақ айналған аты аңызға,
Жүргендей əлі күнге ортамызда
Ауыл, көше, сəулетті мектеп болып...
Аспанмен астастырып биіктігін,
Əр сөзінен даланың жиып гүлін,
Қойғандай, Кеңсайға емес, қалың елі
Қастерлеп жүрегіне сүйікті ұлын.
Ғабеңнің оттай ыстық құшағына –
Бəріміз жүргендейміз сыйып бүгін.
Жасаған қиянаты жоқ біреуге,
Қиянат – осы өмірден өтті деу де.
Қара сөзден кеткендей қамал соғып
Алауы басылмайтын отты кеуде –
Данадай даңқы биік,
Көк тіреуде!
Тебіренбей жүре алар ма ел дегенде ер,
Еміренбей тұра алар ма ер дегенде ел.
Сəбең менен Ғабеңді қатар туып,
Əн-бесікте аялап тербеген жер,
Тербеген жер, көңілімде көлбеген жер!
Мұнартып көз алдымда өрден сағым,
Тұрардай ауып əр кез елге аңсарым.
Ғабеңді əз анадай тербеген жер
Мені де тербейтіндей келген сайын,
Ай жүзі ажарланып көрген сайын.
Сəбит, Ғабит!
Бірі – іні, бірі ағадай,
Ғасырмен қатар туған ғұламадай.
Екеуін тербеген Жер – Алтын Бесік,
Екеуін өсірген Ел Ұлы Анадай!
Тілден терең-тұңғиық теңіз жоқ деп,
Егіз туған жандардай, егіз көктеп...
Ел мерейін көтерген бірге жүріп,
Өнерге де өлместей егіз боп кеп.
Жинасам сол Анаға ғалам жырын,
Сыйласам жер-жаһанның тамам гүлін, –
Тебіреніп, жас баланың күйін кешем,
Аз болып көрінердей маған бүгін.
Ақын ба толқымаған, шалқымаған...
Шабыттана бермейді əр күні адам.
Қос жұлдыздай туа қап бір мезгілде,
Қазағының көгінде жарқыраған.
Ақ сарайдай алдымнан ашылатын,
Ақша нұрдай əр қырдан шашылатын,
Дос түгілі, дұшпан да бас ұратын,
Сəбит, Ғабит ғасыры десек еді
Қос жұлдыз қатар жанған ҒАСЫР атын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу