Өлеңдер ✍️
ҚАЙРАН ҒАБЕМ
Ұлылықтың болған ба шеті, шегі...
Ордалы ой тамырыңды бекітеді.
Айтары жоқ жандардан арқалы ел
Жүзге жетіп жатса да не күтеді?..
Кемедей қозғалатын қайраңда əрең,
Қақтырып сөз қанатын сайран дəурен,
Сенен де өткені ме қас қағымда,
Ғасырдың ғұламасы қайран Ғабем!
Күндер де бірі кетіп, бірі келіп...
Уақыттың күзі жетіп, күні кеміп,
Өрелі ойдың ордасы Одағымда
Орының бос тұрғандай үңірейіп,
Өзіңді іздейді көп күңіреніп.
Сездірмей сыздатса да жанды мұңы,
Байқалмайтын дабыра, шаң, дүбірі...
Толтырып маңғаз қалпы тобымызды,
Жүретін секілденіп ханның ұлы.
Ұққанға сөздің нарқы – мың қаралық,
Ойларың жанды орайды мұңға малып.
Таудан басын алатын тас бұлақтай
Жүректерге жол тартар жылғаланып.
Алыстаса Алатау да шыңдарымен
Көрінер көз ұшында тұлғаланып.
Бал қарағай, сал қайың жері тұнған...
Жау келсе, ел шетінде ері тұрған.
Сарыарқа, қасиетіңнен айналайын,
Мағжанды, Сəбит пенен Сені туған!
Күй кеуде күмбір-күмбір сырға жақын,
Күннен күмбез көтерген сырбаз ақын.
Ойларымен өлместей өрнек тізіп,
Қасиетті қара сөзбен жыр жазатын.
Алмағайып уақыт та асқынады,
Жасты – кəрі, кəріні жас қылады.
Жаһұт жырлар жеті қат жер астынан
Жарып шыққан асылдай тас тұманы.
Шың-өрде де өрекпіп, шалқымай түк,
Тірліктен тілемеген жартылай құт.
Оятып өлкелерді, өркенді елді –
Ойларын кетсем дейтін сарқып айтып.
Кезде де тұйықтарға тірелетін,
Кезде де мың тіріліп, мың өлетін,
Тағдырдың талқысына талай түстің,
Маздатып жандырсам деп жүрек отын.
Жерді оятып, тағы да жырды оятып,
Жалпақ жұртпен бір тұрған, бірге жатып...
Жүректерге нұр құйған əр сөзімен,
Жеткізсем деп еліне күнде бақыт.
Емшісіндей заманның, ғаламның да...
Ел күңіренсе, көкірегін малар мұңға.
Тек өзі құныкердей ар алдында –
Сезінетін тұрғандай дар алдында.
Дүние – дода,
Бəріне араласқан,
Өлген-тірілгеніне қарамастан,
Жан беріп, жан алысқан, жағаласқан...
Обырдай отыз жеті – көз алдында,
Жанады жер өртеніп, жанады аспан.
Арасында адасып ел даудың көп,
Бірін бірі түтіп жеп, келді-ау күндеп.
Көкірегін көлкелемей оққа тосты:
«Бейімбет жау болса, онда мен жаумын!» – деп.
Аққудай айдындарда жүзіп келген,
Өлместей ой өрбіткен үзіктерден.
Бабадан қалған мирас – мəрт мінезбен
Аямай досқа жанын үзіп берген.
Тарихын ел орнына қойғанда əрең,
Ертеңнің еншісі не?
Ойланбап ең.
Қасіретті мол тартқан ұрпағыңа
Тығырықтан жол тапқан қайран Ғабем.
Жұлдыз дейміз...
Жұлдызды кім алмады,
Алмағайып арман да мың алдады.
Тізгіні басқа қолда –
Өр елдің де
Алды бұлдыр болатын тұман бəрі.
Өзі емес, өзгенің шамын жағып,
Ертеңі арғы беттен сағымданып...
Сырт көзге көсегесі көгергендей,
Өлермендей өзеуреп күн кешетін,
Төбедегі төренің малын бағып.
Дəмін татып қуаныш, қайғының да...
Өзің жүздің өзіңнің айдыныңда.
Табаныңның астына мұз төседі
Тайғанақ тұғырыңнан тайдыруға.
Діні, ділі жоқ елдің сиынардай
Пайғамбарсыз, киесіз күйі қандай.
Өзің барда Одақ та көрінетін
Тентегін тыйып ұстар Биі бардай.
Ұлылыққа құшағын жайғанда Əлем,
Пір тұтар тірі сөздің Пайғамбары ең.
Ел төрінде орының қаңырап тұр,
Аңырап тұр, қасиетті қайран Ғабем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter