Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  118


Автор: Есләм Зікібаев

ЗАМАН-АЙ

Білек те кіл пəс,
Жүрек те дімкəс,
Шалағай –
Апыл да-тапыл аяғын басқан баладай
Көкке жығылып, шөпке сүрініп қор болдық,
Ертеңім не деп өлген-тірілгеніңе қарамай,
Қалғып ішетін,
Қарғып түсетін заман-ай!
Қатар оянып таң тауығымен сəріден,
Жатар омалып тірлігіңнің де сəні кем.
Шағылып тауы, қағылып қалғандай бəрінен –
Алданып жүрміз, жан бағып жүрміз дəрімен,
Алып бəйтеректей айрылып қалған нəрінен.
Жұлдыз көрінбей көмескі тартқан көгімнен,
Ойменен өлшеп шамалайтындай көбін мен,
Еңсем езіліп, елеусіз жандай көрінем.
Содан да ма екен айтатыны елдің түңіліп
Қартайған шақта көрі жуық деп төрінен.
Көзіңді жұмсаң, ұйқы дейтұғын құт келмей,
Өзіңді кіл сан құбыжық ойлар күткендей,
Ертеңің – елес, алдыңда арман ақ таңың –
Ертегі де емес, өртеніп отқа жатқаның,
Қуаныш-қайғы...
Бəрі де бəрі... біткендей.
Былайғы кезде айтуға бəрі,
бəрі оңай –
Жарқырап күлуге,
Жадырап жүруге жарамай,
Ертеңінді ойлап шақшадай басың шарадай,
Қызығың менен қызуың қайтып бара ма-ай.
Жана алмай от боп, босқа бықсыған шаладай,
Ішкен-жегенің əл болып бойға тарамай,
Көлдей көңілің кешегі дарқан даладай,
Уақытың өтіп, бақытың кетіп бара ма-ай?
Қалғып ішетін, қарғып түсетін заман-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу