file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  97


Автор: Есләм Зікібаев

ДҮНИЕ КЕЗЕК

Кешір, Тəңірім, кешірсең, кешір мені,
Біреулердің еліріп, есіргені –
Тағы қалам ұстатты, ұсақтатты,
Сөзге сөз келген тұста бұғып қалсам,
Ақын қылып жараттың не үшін мені.
Тіл ұшында у қалса, өртенермін,
Онда тілдің тіл болмай, кесілгені.
Кімі ұсақ, кімі ірі?.. тоғыстырып,
Өлі менен тіріні соғыстырып,
Көп іс қылып, жүргендей оң іс қылып,
Жатқан кезде үйретіп орыс қылық,
Елдің ішін ірітіп, іріткі салып
Жүргендерге бір тоқтау айтпаймыз ба,
Ұйқы-тұйқы қойғанша қорыс қылып.
Аласарып əулие шынар-шыңдар,
Мүжілгендей, күй кетсе, кім аршындар.
Қалқиып топ көбейтіп жүргеннен соң,
Ұрарсыңдар, сылқитып сынарсыңдар,
Ерте-кеш пе, құтылып тынарсыңдар,
Армандарыңнан солай шығарсыңдар,
Кештеу барып бəрін де ұғарсындар.
Қалып қойып талайлар қатарынан,
Қашқақтайды тірліктің шатағынан.
Қан майданға сайланып шыға алмайды,
Садақ тартып, найза да сұға алмайды,
Арғымақтан жал кетіп, ат арыған.
Қиналасың қыбынан қысыр сөздің
Қиып түспей, шөңгедей батарынан.
Бұрынғыдай шығандап ұшпаған соң,
Сен де бір шəу тартқандай ата қыран.
Шалқып аққан арнасы ортаймастай,
Табанынан бүр кетіп нар таймастай,
Тайраңдайды ағалардың төбесінде,
Қытымыр қақбас болып қартаймастай,
Шаңырағы шатырлап шайқалмастай.
Іштерінен бəрін де оқып туған –
Жарқылдап шықпас дей ме қайта алмастай.
Сырын ұқпай – не жетпей, не жеттінің,
Өздерінше өлермен, өжет бүгін.
Жымияды мылтығын кезеп тұрып,
Ойламайды ойлаудың керектігін,
Алмағайып дүниенің кезектігін.
Ұлағатын ұқтырар ұлан қайда,
Ұша алмаса көрінер қыран майда,
Тірі пенде кезегін бір алмай ма,
Өзіне сенбесе адам ұрандай ма?
Маңып жүрген түйені соқыр десең,
Тиетінін білмей ме Құнанбайға.
Білсе, орынсыз биікке шығандай ма,
Айтыңдаршы, осыны кім ойлайды, ə?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу