Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  126


Автор: Есләм Зікібаев

ҚҰЛАП БАРЫП...

Жөн-ау осы,
Болмаса қате де бұл,
Ағын судай жосылып жатады өмір.
Аңдамай-ақ қояйын десем дағы,
Шыдатпайды мазасыз ата-көңіл.
Жарым-ау деп, болмаса балам-ау деп,
Болмашыға болдырып, болам əлек.
Ойласа-шы шіркіндер қара шалдың
Бір сөзіне зар болып қалам-ау деп.
Қалғып кетсем, қарақшы тонар, Алла-ай,
Деймін де, күллі аймақты аралардай,
Ұйқысыз азап шегем оянып ап,
Тылсымға қайта айналып орала алмай!
Жанды қинап тірліктің күйкі лебі,
Жүрген менен кім қандай күй тіледі.
Төңіректің тылсымын күзеткендей
Ауық-ауық ауладан ит үреді.
Пəк дейсің ақ дүниеде күнəдан кім,
Тайғанап тегіс жолда құлағам мың.
Мыңнан, мұңнан алыс жүр десе де ылғи,
Мың мен мұңды келеді сұрап алғым.
Мыңның мұңы, бітпейтін мұңның мыңы,
Ежіктетпей ешкімге білдім мұны.
Жүрегіме қабылдап алдым ба екем
Мың жүрекке түсетін күйдіргіні.
Көзін сүртіп сөзіммен жылағанның,
Қолтығынан демесіп құлағанның,
Жүрегіме жосықсыз жүк арттым ба,
Жұбатсам деп көңілін бір адамның.
Аман өтіп өрден де, еңістен де,
Ара түсіп ұрсысып-керіскенде,
Əуре-сарсаң күй кешіп келемін де,
Өзім құлап жатамын тегіс жерде.
Шырмап-матап бергендей Құдай маған,
Шарығында тағдырдың шыр айналам.
Өзіңнен өзің безіп кете алмайсың,
Болмаса тегіс жерде құлай ма адам.
Өзім – бəз, мəз қалпында бəрі əндеткен,
Қатар жүрер кезім-ақ тамам көппен.
Мына жалған фəниден алаңдаумен
Мен де өтем, əкем де, анам да өткен.
Азайған ба мен шалқып айтатын əн,
Толқын ұрған кемедей шайқатылам.
Ертеңім ертегідей еліктіріп,
Құлап барып, қарманып, қайта тұрам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу