file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  184


Автор: Есләм Зікібаев

Мені білген...

Мені білген,
дəл сондай-ақ мен білген
ғұмырымда талайларды көрдім мен.
Тəніме емес, жанға түскен жарадан,
қарап маған күлердей-ақ бар адам,
тірі жүріп өлдім мен.
Тірі жүріп талай мəрте өлдім мен,
жанып тұрып, жалғыз сəтте сөндім мен.
Жүректегі айғыз-айғыз əжімдер –
қалған белгі сол күннен.
Қаным қайнап, сан қыршылды бармағым,
жəрдем сұрап жарыма да бармадым.
Тəңірім-ай, өзім дағы қайранмын,
бəрі жұмбақ – қайтіп аман қалғаным.
Бəрі жұмбақ – қайтіп аман қалғаным,
кейде жұмақ, кейде тамұқ таңдарым.
Жүректегі əжімдерді есепсіз
білем, білем, есіме əркез салғанын,
өзіме аян қайсын қалай алғаным.
Тірлігімде ырыздықтың қауғасын
келем ұстап, жасап кейде саудасын.
Айдың, күннің аманында адасып,
аспайтұғын қырлардан да əрі асып,
жүрем мүлгіп, дауға ілініп сау басым.
Оймен кезіп, қиыр-қиыр шалғайға –
қиял шіркін қияндарға салмай ма,
ондай кезде бəрін-бəрін ұмытып,
кете берем, кете берем аңдамай
мен сүрінер ор қайда,
мен құлардай жар қайда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу