file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  184


Автор: Есләм Зікібаев

Ыстықта күйіп

Ыстықта күйіп,
суықта жаурап-тоңғанда,
табаның тайып, жүргенде ғайып жолдарда,
ертеңгі күннен бəрібір безіп кетпейсің,
жетпейсің тағы, қусаң да қанша жетпейсің,
сонда да шіркін арманның азаяр күні болған ба?!
Тауыссаң дағы шет-шегін шарлап ғаламның,
қауышасың дағы бəрімен жақсы-жаманның,
ертеңгі күнге елегізумен өтесің,
бар ма екен, сірə, армансыз күні адамның.
Қызығына да, шыжығына да тоймайсың,
жаныңды өртер қызуына да тоймайсың.
Фəни жалғанның жалғанын біле тұрсаң да,
сайтан сықылды мың жасайтындай ойлайсың,
ойлайсың, содан бір күндігіңді тойлайсың.
Кəрі де, жас та арманда содан, арманда,
бəрі де – сау да, дүмбілез мас та арманда,
меңіреу дүние – түк емес берген, алған да,
күн-түндер озып,
мойныңды созып сарғайып атқан таңдарға,
жетсем-ауменен жете алмай жолда қалғанда,
боздайсың іштей,
қозғайсың мұң мен шеріңді,
өрісің кеміп, барып-келетін жеріңді
тауысыңқырап алғанда.
Жарық дүние – бақ пенен сордың мекені,
оның да кейде белгісіз кімге не екені,
қуған арманды, думан таңдарды көре алмай
талай бейбақтар өтеді.
Қарыны тойған безініп ойдан, ардан да,
дүние-боқ үшін таңдарды ұрып таңдарға,
жиып-тергені көзіне құмдай құйылып,
үлгере алмай Тəңіріне де сыйынып...
талай боздақтар кете береді арманда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу