Өлеңдер ✍️
Өкшесін басып, өкпесін қысып ағаның...
Өкшесін басып, өкпесін қысып ағаның,
Өзім айтардай өмірдің өршіл бар əнін,
Өрекпігенім есіме енді түседі –
Өгейсітердей өкініші ме жаңаның.
Озғым кеп, кейде онан да биік асқым кеп,
Тайыз өзендей арнама сыймай тастым көп.
Толып тұрғандай, болып тұрғандай дүбіліп,
Ойлай алмайды екенсің əлі жаспын деп.
Күннің де барын, Айдың да барын аспанда
Ұғады екенсің ортадан əрі асқанда.
Көңіл-ай қайран, өмір-ай сайран сағымдай,
Қусаң кіл жетіп, құтылардайсың қашқанда.
Жетіспей жатса, санамай бəрін жоғыңның...
Басына тұспей, ұға алар сырын оның кім.
Адасып жүріп тауға да, тасқа соғылдым,
Өкшемді басып келеді қуып көп інім.
Қуып та жетті, озып та кетті талайы,
Арманға толы əр сағат, күні, əр айы...
Алысқа толы, жарыста көбі, кіл қызық,
Тарқамайтындай тірліктің думан-сарайы.
Байқамай жүріп зырлаған зымыран уақытты,
Бағаламайсың асылды, алтын, жаһұтты.
Іресі берік ырғалған зəулім теректей,
Інілері артта түгел жүрген жан бақытты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter