Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  208


Автор: Есләм Зікібаев

КЕШІР, АЛЛА

Тірлігіміз?..
Жатыр оны кім біліп,
Кімге жағып, қырындаймыз кімге үріп.
Ірің толы ішімізді жасырып,
«Жадыраймыз» сырттағы елді күлдіріп.
Күнді – күнге,
Кейде түнді түнге ұрып,
Азайғандай шын ықылас, шын қылық.
Жанымызды жалмап жатқан жегі құрт
Көкірекке мұң мен шерді тұндырып.
Ой көп менде, ой көп сенде, онда да...
Адастырып арманымыз болды ада.
«Жаста – бейнет,
Қартайғанда зейнет бер», –
Деуші ек, қазір бар алданыш сол ғана.
Сансыратып сағымызды сындырып,
Асуымызды – асу емес, шың қылып,
Ашық күнде адастырып қойғандай
Сары белде сандалдырып, жынды ғып.
Тəуекел деп жасай алмай бір ерлік,
Төбемізден жай түскендей түнердік.
Төзім, төзім...
Көзге ілінбес бірдеңе,
Аяқ-қолға салдық тұсау-шідер ғып.
Зар ма, мұң ба?..
Жайлауынан жыр қайтып,
Кетті бəрі,
Шағынарсың кімге айтып.
Ертеңің де ертегідей құр елес
Жан жарасын бара жатқан ұлғайтып.
Ой көп менде, ой көп сенде, онда да...
Жүректерде қатқан кесек, тоң ғана.
Алдымызда тамұқ па, əлде пейіш пе,
Ертеңіміз ертегі ме, сор ма о да?!.
Кешір, Алла,
Адастым ба,
Кектенбе!
Осыны айтар,
Осып айтар тек мен бе?!
Есіл уақыт еңсемді езіп барады,
Аспаным шын аласарып кеткен бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу