file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  93


Автор: Есләм Зікібаев

СІЛКІНІС

Сілкінді жер –
Кеткеннен бе шаң басып,
Жаурағандай дірілдейді таңда шық.
Тіршілік-ай, аунап тұрып қайтадан,
Шапты тағы ат жалына жармасып.
Білмейді ешкім, айту қиын себебін –
Сілкінді-ай кеп орман, тоғай, жер, егін...
Құдайдан ба, адамнан ба? Көп сұрақ,
Іздеп əуре қасіреттің ел емін.
Сұрақ, сұрақ...
Болжамы да мың түрлі,
Ұйқыңды ашып, сап тыйғандай күлкіңді.
Құйын ұрып, қасіретке бөленген –
Қара киген арулардай гүл тұрды.
Баба жолы – дана жолы тозғасын,
Тұғырлары тұлпарлардан озғасын,
Шыр айналып жүре берді бұл дүние,
Əркім қорғап əуре болды өз басын.
Досты қойып, тілемейтін жауға да
Астан-кестен, аунап түсті тау, дала...
Дінін, ділін тəрік еткен пендесін
Келтірейін дегендей-ақ тəубаға.
Күні түнмен, түні күнмен алмасып,
Жас сəбидей қалтырайды таңда шық.
Адамға да керек шығар сілкіну,
Сезімдерін қалмас үшін шаң басып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу