Өлеңдер ✍️

ҚИМАЙ БАРАМ
«Жырым менің – жалғызым, жан дауысым»
Деген сөзің жалғаспай қалмау үшін,
Інілерің көтерді көк туыңды –
Еркін елдің көгінде самғау үшін.
Самғау үшін, үзіліп қалмау үшін,
Ұлы көшті ілгері жалғары шын.
Адамзаттың ертеңін еркелетер
Ақиық ақындардың арманы – шың.
Халықтың жыры – мұңы жаралғаннан,
Қанаттанған қашанда ар, арманнан.
«Ақтабан шұбырынды» шуын сүйреп,
Арман-жыр «Елімайлап» аман қалған.
Естілер ерен ердің шыңнан аты,
Белдеуде тыпыршулы тұрған аты,
Қызыл тіл – қынаптағы ақ алмасы,
Қапыда қиылмаса жыр қанаты.
Менің де жырым – зарлы жан дауысым,
Құс ғұмыр биіктерге самғау үшін,
Жер қауып аламанда қалмау үшін,
Қосылып жорықтарға бармағы шын.
Кешегі Абай, Мағжан, Қасымдардың
Артында қалған ұшқын-жасыннанмын.
Тасынған кім, ақынды басынған кім,
Айдынға ақ маржан боп шашылғанмын,
Сынығымын алмастай асылдардың,
Тұнығымын тұңғиық ғасырлардың!
Сен сағынған Есілім, алқа көлім,
Сен табынған ақ самал, қамқа белім,
Аймалаған айдынды Арқа желім,
Сағындырды, сыңқылдап сағым күлді –
Құс болсам, күнде барып қайтар едім.
Көктем кетті, жаз өтті, күзім де арман,
Сынап сынды құбылып қызынған қан.
Көңіл де қу жапырақ күз ұрғаннан,
Шошиды күз ұрғаннан, ызыңдардан.
Баяғы өрт мінез жоқ бұзып-жарған,
Құлындай топырағыңа аунап-қунап,
Қайтар ма ем қырларыңда ізім қалған.
Мұңартып мизам ұшқан мидай далам,
Сағынып кеп, қайтарда қимай қалам.
Қамысты көлдеріңнен, белдеріңнен...
Іздеймін іздерімді шимайлаған.
Аптабында алапат ми қайнаған,
Мұнартып мизам ұшқан мидай далам,
Оған да өсе бара сыймай ма адам,
Көктемде сағынып кеп, күз қайтатын
Аққудай айдынымды қимай барам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇