Өлеңдер ✍️

Жел беріп шабысыма сырбаз далам.
Жел беріп шабысыма сырбаз далам,
Кезім жоқ тебіренсем жыр жазбаған.
Төрт бөліп түн ұйқысын, жеткізсем деп,
Көкіректің кен қоймасын кім қазбаған.
Тірліктің шым-шытырық шалғайы мың,
Бір елдің екінші елге жалғар үнін.
Елшідей, айналайын, күй кештің де,
Үш жүздің ортақ ұлы болып кеттің,
Алатауда түлеген Шалбай інім.
Шыңдалмай Батыс, Шығыс, Терістікте...
Қиналмай қиындықсыз жеңіс күтпе, –
Дейтұғын бабаларым баяғыда,
Құт оралып басыңа, аяғыңа...
Шынығып шыққандайсың кеңістікке.
Жар болып оң жолыңа Хақтағалам,
Сан мəрте мініп-түстің атқа да аман.
Ұмтылып, демесең де таққа қонам,
Ниеті түзу болса, бақтан адам
Қашып та құтылмайды, содан болар –
Кезің жоқ ел сенімін ақтамаған.
Қонақ деп өрлетпейді төрге кімді,
Кей-кейде ылдиың да өр көрінді.
Тілеген өз ұлындай өрлеуіңді,
Ұмытпаған шығарсың Өрнегіңді.
Сол елдің мен – ақын, сен – əкімісің,
Сайраған із – тындырған жатыр ісің.
Ұлық емес, туған бір ұлындайсың,
Өрнектенмін деуге де хақылысың.
«Ел елеп-ескерерге татыры кім,
Батыры кім айтулы, ақыны кім?..» –
Дегенде, есімізде сен тұрасың –
Айбары алты алашқа бірдей болған
Алматыға да, Өрнекке де əкім інім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇