Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  151


Автор: Есләм Зікібаев

ЖЕР-АТА, ЖЕР-АНА

Қар жауып тұр далада, қар жауып тұр...
Дулы дүние шертердей назданып сыр.
Ақ ұлпа – ақ мамыққа оранып ап,
Қалғып кеткен секілді жап-жазық қыр.
Ой-шұңқыры бір сəтте тегістеліп,
Тұрғандаймын төңіректі тегіс көріп.
Жайнаған аппақ əлем – пəк дүние –
Көз алдымда кеткендей өріс кеңіп.
Ақ қарменен қосылып нұр жауып тұр,
Жұлдыздар да тұр сөніп, тұр жанып бір.
Бəйтеректер ақ басты ақ атамдай,
Сұлуланып алғандай нұрланып қыр.
Бірі желіп төсінде, бірі шауып,
Өлісі – өлі, аңдардың тірісі ауып...
Мезі етті ме кəрі əже, кəрі атамды,
Көзін іліп жатқандай тыныс алып.
Айналайын Ата-Жер, айналайын,
Жаны таза, жүрегі айнадайын.
Құлағыңды тұндырып жібердік пе,
Ұшамыз деп Жұлдызға, Айға дəйім.
Сен – Атасың, Анасың...
Жаның да бар,
Əр түйіршек сендерден қанымдағы əр.
Қоян емен жан бағар ши паналап,
Аттан десең, намысым дабыл қағар.
Аман болса Жер-Ата, Жер-Анам деп,
Бəрін саған барымның бере алам кеп.
Атам барда əулие, Анам барда,
Жүргенімді білмеймін неге алаң боп?!
Сен – Атасың, Анасың,
Жанымдағы ар,
Аспандатсаң,
Алаулап жалын болар.
Ұлыңмын мұратыңды мұрат көрер,
Сенің күшің бойыма қуат берер...
Мен биік ұшсын десең, алаңдамай
Сен бір мезет қуаттан, дамылдап ал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу