Өлеңдер ✍️
БАСТАУЫҢ АҚ ТҰМАДАЙ
О, Туған ел!
Қарт атам, Ұлы бабам,
Ақ тұмадай бастауың тұнық əман.
Сен аманда – мен де аман, жырым да аман,
Күндерім де қызықты зымыраған.
Мерейлі мінбелерден
Шабытпен жыр оқимын, гүлдеп елмен.
Ойларымды өзгеше өрнектейді
Толағай табыстарың бірге келген.
Өрісін өрге жайған өмірім де,
Қанатын кеңге жайған көңілім де.
Егемен елдігімді айғақтардай
Бодандықтан бөлекше жолы мүлде.
Өзгеше қанаттанған жыр да мына,
Мазмұны, ұйқасы мен ырғағы да...
Масайрап, мақтанышпен айтып кетем
Сөз ұғар қыздарыма, ұлдарыма.
Мен бұрын жақынға да жат көрінгем,
Бағым да, байлығым да қақ бөлінген.
Келімсектер босағаға ысыратын,
Төредей орын алып нақ төрінен.
Айқаста кетпесе де жауға кегім,
Босқындай өз жерімнен ауған едім.
Мəскеу де бірер күнде орнамаған,
Əзіргі қолда барға тəуба дедім.
Күннің де бірі келіп, бірі кеткен,
Көңілдің жеткіземіз жырын еппен.
Ғасырлық ғарыштарға татитындай
Жолдарым соңғы он жылда жүріп өткен!
Жүйесін жаңа тауып сөз-киелім,
Ойларым сан бəйгеде озды менің.
Еңсем де елмен бірге көтеріліп,
Кеңейіп келе жатыр көкжиегім!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter