Өлеңдер ✍️
Сөзінің қисыны жоқ кісі нанар...
Сөзінің қисыны жоқ кісі нанар,
Қоқанның қоқаңдаған тұсы болар?!
Ауылда болмай қалса, ер азамат,
Бастайтын ел тонайтын ісін олар.
Ізімен барғандарға бұралқы иттей,
Құйрығын бұттарына қысып алар.
Ауылда ешкім қалмайм ұрты бардан,
Кешегі жауды қуған шіркін, арман!..
Жолымбет оралғанда, қолын ертіп,
Қаратау бөктерінде жұрты қалған!..
Қалшылдап, қарт бұрадай түсі суып,
Қоқан болды ендігі ырқын алған!?.
Тірі жан көрінбейді ошаң еткен,
Маңынан көп-көп ауыл қоса кеткен.
Із кесіп, алды-артымен ақылдаса,
Басқа болса, ақырын тосар еппен!
Жолымбет ақылдаспай, «Аттан!» деді,
Әйтеуір айрылмайды осы әдеттен!..
...Жеткен соң, жертүбінен сонша налып,
Шулатты Қоқаныңды қоршап алып!..
Алғашқы қарсыласқан әлдекімі,
Тапталды найза ұшымен боршаланып.
Қоқанның бегі шошып, жөнге келді,
Қоя ма уыттанған сонша халық?!
Шығын не, әр ауылдан, әр кісіден?..
Бәрін де қайтарды айып-анжысымен.
Қайтпаған Қуансейіт, берер емес,
Қоқандар айрылса да бар күшінен.
Үш есе құнын төлеп, алып қалмақ,
Байырғы жинап-терген қаржысымен.
Қызығып, жас баланың бітіміне,
Көрсетпей, жұртының жоқ-жігітіне,
Бауырына салып қара кемпірінің,
Ерекше көңіл бөлген күтіміне!..
«Ертеңгі патшамыз» деп білсе керек,
Қоқанның ойша қосып түтініне!..
Нұрлы екен, көрген көзін ала алмастай,
Ондай ұл жер бетіне жаралмастай!..
Бауырына салған кемпір «немерем» деп,
Маңына жолатпайды, кәрі албасты-ай!..
Сөйткенше, Ферғанаға жүйткітіпті,
Қайтерсің жамандаспай, арандаспай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter