Өлеңдер ✍️

Жұматай жолы
Шәпеті бойлы, сымбатты сырлы қасықтай,
Таянса мықын, қаздиған алшы асықтай.
Домбыра көрсе, жеріне жетсе шертетін,
Алты қат аспан аударылса да асықпай.
Қыртыссыз маңдай, кесек бір мыңдық ақшадай.
Ес білген екен, бетінен пенде жасқамай.
Өнер мен өлең-көксегені, көргені,
Ләйлаға ғашық, кінараты жоқ басқадай.
Кірпік, қасына жаққандай құнттап қараны,
Күнге ұсталған моншақтай кұрең жанары.
Еріккен мерген жаттығуларын жасаған,
Нысанадай жаны да шұрқ-шұрқ жаралы.
Баспаның бақас, құықты құлы ербиіп,
Шамына тисе, шайнаспай,неге кергиік?!
Сүйектен сөзін өткізіп, мірдің оғындай,
Бекзада қалпын бұзбады-ау, сонда кермиық!
Шашы мен мұрты қаралтқым еді бояудан,
Жеткеннің қолын жеткізбей қойды-ау, ой, арман!…
Жұлындай жұмыр, құлындай шымыр ақынның,
Көкірек көзі мектепті көрмей оянған.
Адамзат емес, перінің тілін білгендей,
Өңі жып-жылы, мұңайғаны да күлгендей.
Қарасын үзіп, қайрылмай кетті өлеңнен,
Кіжініп келіп, зымыранға жайдық мінгендей!
1995 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇