Өлеңдер ✍️

  26.08.2022
  118


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Шәкеңнің кескіні

Мінезі – бір бет, бастығы – ары, иманы,
Қаршадайынан ғасырдың қамы қинады.
Тұлданған тұстың туырлығын тілгендей,
Шексіз далаға бармақтай басы симады.


Қимайтын қыздар кемсеңдей ұшып, «ағайлапң,
Еңіреп қалды ел ...Итжеккеннің дәмі айдап.
Қайғысы қажап, мұңы да мүжіп, өртеді-ау,
Өлеңге қоса жұрт тағдырын тағы ойлап.
Қат-қабат сурет, қай заман содан бергісі,
Жер көтерместі көтереді екен ер кісі.
Мәңгілік оттай сөнбейтін шабыт бар мұнда,
Келеді ылғи тереңнен інжу тергісі.
Өлең мен өнер ес білгеннен қуғаны,
Есіңе салар қаһарлы, қайсар бураны.
Еті қайтқанмен, беті қайтпайтын сері ғой,
Таяғы – теке, дорбасы – күміс құймалы.
Пікірі болса, кәрі де, жас та құрдасы,
Өнерсіз жерге байласаң анық тұрмасы.
Томағасын алған бүркіттей жұла қарайды,
Тұсынан өтсе, сырғалы, өңді ұрғашы.
Көңілі нұрлы, көкейі дүрбі ақынға,
Ақыл айту жөн емес, әйел хақында.
Шабытты шал он жылға қайтып шыдайды,
Осы тойда үйлендірейік, мақұл ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу