Өлеңдер ✍️
Жанатым – қанатым!
(Жанат Дүкенбаевқа)
Жан-жүрегін күйдегі қисын ерітер,
Жанатым еді-ау, қалпымды сүйсіне күтер!..
Гитарама тосатын өліп-өшіп,
Жырта қарыс құлағын күйшіге бітер.
Ауызы құлып, білдірмес жатқа жараны,
Ұмыта алман қағылез,
қатпа қараны...
Жуып-шайып, үтіктеп киетінімді,
Жорыққа ертсе, бүйгедей баптап алады.
Әнге де құмар, күйге де, жырға да құмар,
Көңілденсе өзінің бір қағары бар...
Ол көрмеген жоқ шығар
азап пен тозақ,
Ішкі әлемін тыңдасаң, шулаған ұлар...
Он тарау жолын Өнердің оңдырмай ұқсақ,
Қырандай көзін жеткізген,
қор қылмай күн сап!.
Жынына тисең, қанжардай қатая қалар,
Әйтпесе, дегдар, мінезі торғыннан жұмсақ!
Шашы сәл сиреп, таймаған өңінің нұры,
Бүгін төртпақ, байсалды торының бірі.
Бөледі әлі қаттаулы он кірпішіңді,
Алдаспандай тигенде, қолының қыры.
Жазуынан жанының сұлулығын көр!
Міндет артсаң, шылбырын, мұрындығын бер!..
Ұл сөйлемей, пұл сөйлеп бара жатса,
Ала қойсын ұғынып, тілімді кімдер?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter