Өлеңдер ✍️
Араша
(Секен Тұрысбековке)
Мүліктей мінсіз, күліктей күйсіз, кұнқақты,
Мамықтай ұлға тамұқтан ауыр мұң батты.
Мектепте сіңген күзетші-күйші атанып,
Балықтай үнсіз, батырдай құнсыз кім жатты?..
Алыптай сығып, табыттай суық құндақты,
Ұйқысы қашып, түр-түсі жасып, түн қатты.
Тұмардай бөлек, құмардай керек күйлері,
«Шиферша» қайнап, сиқырша байлап тіл-жақты.
Шырақтай қызу, шынардай түзу, сымбатты,
Тамыздай тұмса, абыздай қуса, ырғақты…
Жетелі үнін жесірден бетер сыңсытып,
Жалпақ жұртына жан-жүрегін тыңдатты.
Самарқанд жақтан сатылған әтеш сирақты,
Көк техас киіп, Мәскеуге барды, жын қақты
Шамына тисе, жұқарған жүйке шыдар ма?!
Тұлпардай тулап, тобырды топ-топ қиратты.
Күйге айналдырар көңілге түскен қырбақты,
Шабытты шағын түсіне көрме біржақты!
Танысаң егер Тәттімбет тірі, ағайын,
Қымбаттылардың ішіндегі ең қымбатты!
1991 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter