Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  108


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Жүсекең

(Жүсіп Алтайбаевқа)
Ақ-көңіл, таза-ниет, қарапайым,
Адамның әділі еді, ағатайым!
Көп қырлы көрінбеген өнері бар,
Дариға-ай, қайсы бірін таратайын?!
Мүлгітіп, тыңдаушыны әрдайымда,
Ақынша жыр қашаған дардайында.
Жауабы дайын еді іздегенге,
Оқтаулы пистолеттей таңдайында.
Тұйықтан қилы-қилы қырына алған,
Құтқарса, тазалық пен тұнық арман.
Дойбы ма, карта ма, әлде шахмат па,
Ойнаса, жеңілмейтін тірі жаннан!..
Өзгеден өзгешелеу ой-тоқтамы,
Салғастырсаң, маңының бөйтек бәрі.
Ұршықтай үйіретін айналасын,
Айтқаны аңыз болып той-топтағы.
Қолына домбыра алса, көп ұсынып,
Түр-түрін «Қосбасардың» төгісін ұқ!..
Киіліп көзілдірік маңдайына,
Қаны қаша қалатын, өңі суып.
Ондайда тіл қатпайды әсте күліп,
Ырғаққа ара-кідік қас керіліп.
Сөгіле күрсінетін соңынан бір,
Қолынан күй, көзінен жас төгіліп!..
Жан тартып, жақын тартып, баласынбай,
Ақыл айтса, қазақтың данасындай…
Өзіне-сөзі сәйкес, ісі-лайық,
Кісіні көре алмадым дәл осындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу