Өлеңдер ✍️

Киелі жол
(Райымбек кесенесінде)
Қыңыр сұрау көп…
Ырымшыл-ау, деп сөкпеңдер!
Бұйырғандықтан, қиырдан шыққан,
Боз атан боздап шөккен жер.
Алпыс құлаш ақыретпен
Топыраққа оранса,
Құдайдың өзі мейірімін төккен жер!
Аят оқып, бет сипамай кетпейді,
Теңіздей толқып, олай, бұлай өткендер…
Бағым бар шығар,
Сорым да болар алдымда,
Тап-таза жолдан
Ризықсыз қалдым ба?!
Кұдіктенсем, шынымды айтып,
Мұңымды айтып жұгінер,
Алты алаштың әулиесі бар мұнда.
Осылардың жолын ұстап жүрмісің,
Сәл адасып, жаза басып қалдың ба?!
Кенереден жаңғырып, зәулім кесене,
Бұрылып оған
жиылғандар мен сиынғандар нешеме?!
Жасалғандай осының бәрі байқасам,
Қасырлардың мойнында кеткен есе ме!..
Тәңірге тәубә! Бәрі де дұрыс, жөнделсін!
Бүйірімді түртеді бір ой десе де…
Осындай еді-ау,
ата ойының даңғылы!..
өзгеге аңыз,
мейірімі, сері салдығы.
Бұзылып жолы,
үзілген үлгі-өнеге,
Түбіне жетіп, ұлықтарының паңдығы…
Халықты қасат қарларға
қамап кеткендей,
Ортақ байлықты
үлескен өңшең шаңғылы…
Батырың жатыр
Жау жапырған жорықта,
Қарайлап соған
қалатындар көп қонып та.
Онысы жөн-ақ,
кеңірдегі кеңейген,
Тіріден қорық,
өліден мүлде қорықпа!
Тайраңдағандар,
тақырда тайған тарихта
Керемет жолдың киесіне жолықпа!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter