Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  105


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Табанда табылған жыр

Бір қызыметтесіміздің қоныс тойында, Мұхтар Шахановты асаба
(тамада) етіп бекіткен едік. «Ақын аңғал» деген рас қой. Сөз кезегін жасы
үлкендерден бастамай, үш қызды іркес-тіркес сөйлеткені.
Құрастырған көрімдігімізді үй иесіне табыстай алмай, ақсақалдар
жағы да қобалжулы. Қылдан тайса, бірін-бірі ызасырықтан өткізетін кілең
ақын, жазушы тыныш отыра ма?! Марқұм Жұмекен Нәжімеденов тиегін
өзі орнықтырып, құлақ кұйін түзеп отырған домбыраны қолыма ұстата
салып:
— Қажытай, жосылт енді! – деді жымың-жымың күліп. Бақсам, сөз
кезегі үшінші қызға таман аунап барады екен. Жөпелдемеде аузыма
ақырып басталатын «Адайдың арманы» деген жыр әуені түспесін бе?! Бар
пәрменіммен «Уай» деп қалғанда, орнынан сыпайы көтерілген қыз оқыс
селк ете түсіп, саусағына қыстырған оймақтай рюмка ұшып-ақ кеткені.
Жұрт ду күлді. Мен оған қарамай, еңкілдете жөнелдім. Мұхтар онда
уыздай жап-жас. Бірақ қалжыңдаса беретінбіз. Екі қолын бірдей көтеріп,
қиқулағандардың арасынан «Тоқтат!» деген белгі береді. Оған ел көне ме?!
Көтермелеп, кеу-кеулеп отыр.
Сөйтіп, «Қоғалы көлдер, қомсулар» деп басталатын екінші шумағын
аяқтаған сәтте, асаба:
– Қажеке, онда өзіңдікін айт! – деді кекілін салалап. Арқаң қозғанда,
алды-артқа қарайсыңба?! Жырдың бұрынғы сілемін тастай бере, осы
әуенмен өзін бассалайын.
Менің қолыма-қол айтқан жауабыма өзге де, өзі де күліп, – Мен
тамада болмаймын, – деп отыра кетті Мұхтар. Мен де асығыс едім. Ақыры
екеуміз сықылықтаған күйі қол ұстасып, бірге қайттық. Аты
аталғандардың бәрі бірге істейтін қаламдастар еді. Сондағы табанда
табылған өлең мынау:
Оу, Мұхтарды қойдық тамада,
Сақал жапсырғандай ғып балаға,
Үлкендерін ұмытып,
Сөз берді бала-шағаға
Суырылған қыз-қырқын,
Қарамай ма шамаға?!
Қабдеш пенен Заманбек,
Елемес пен жалғыз сарт,
Аузын ашпай қалама?
Бүйтерін білсем, бағана,
«Сабакіні» сабайтын едім далада.
Бұ да хас жүйріктерге жарасады-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу