Өлеңдер ✍️
Бейнетімнің белгілері
Жіліншіктен дерт – дербез жыландай кіріп,
Қылтамды қия жаздайды, қырандай бүріп,
Жеті жылдай жан алып, жан беріссем де,
Той тойлағым келеді жүре алмай жүріп.
Бітпейтін іс болмақшы тұра алсам, қандай!
Тақымыма шыңғыртып, бұрау салғандай.
Талайымнан тауыппын бәрін де соның,
Жер-көктегі бейнетке сұрау салғандай.
Дәндеді ме, дәрігер, көрінсем қойдай?
Алты жылда бес сойды, соғым сойғандай.
Бұрынғы шақ киімнің бәрі қолқылдап,
Сүйегіме қосыла көнім солғандай.
Сегіз мәрте құлаппын бопыр қорғандай,
Сүйек-саяқ быртылдап, отын жарғандай…
Несібемнің қалғанын тәңірім білер,
Сүйретіліп келемін топырдан қалмай…
Өткен кұннің ойымнан елесі арылмай,
Шуылдайды… мың жылдық көне сарындай.
Тыртығым көп жүректі лупамен көрсең,
Ас өткерген ауылдың жерошағындай.
Жай білмеске жалынып, сыр ақтарғанша,
Қозғалмаппын осылай құлап қалғанша…
Үш тісімді шалмамен суырып алдым,
Дзержинский мүсінін құлатқандарша.
Өзге азапты қозғасам, қара дауылдай…
Бастан кешпей, ұғынсын аға – бауыр қай?!
Зәрезәп болдым жазылмайтұғын жауырдай,
Мынау… заманда жүрсе екен адам ауырмай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter