Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  97


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Бәйгетөбе

Ат тұяғын бояса, қой бүлдірген,


Аспаны – жуған әйнек, мөлдір мүлдем!
Миллион түсті гүл өскен көк жайлауға,
Көзімді бала құстай төндірдім мен…
Торғын самал құбылтса, қас асылдай,
Құныққан құмарымды басасың қай?!
Белегір бетегесін жыбырлатып,
Тарайды шабдар аттың шашасындай.
Лүп етіп, лебі бетке білінгенде,
Тоңасың, таба алмайсың шыбынды емге.
Сақтадым жұпар жұтсам, мұз кеміріп,
Кейінгі керек-ау, деп тілімді елге!..
Қасырлар қар ерімей, жылжи берген,
Аңызда мұны Қыпшақ Күнби көрген…
Ат қосып, ат тосыпты… осы өңірде,
Бас қосып, ылғи сері, ылғи мерген.
Жылқымның суын басып, балаусадан,
Жаңғырттым жартастарды ән аңсаған…
Бәйгеге қобыз қосқан Қойлыбайша,
Отырмын, мен де сеніп қалам саған!..
Табылса танитындар, өлең өңін,
Жанымның көрсетейін көбелегін.
Көкейімде сурет көп… мені іздесең,
Бәйгені тосатұғын төбедемін!..



2000 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу