Өлеңдер ✍️
Түркістан топырағы
Ойымның жеткізермін орамын қай?!
Кенере көп, керуен сорабындай…
Әлемдегі әулие, әмбиенің,
Түркістаным тоғысқан торабындай.
Алтын бесік дарынды дастан етер,
Біз түгіл, құс та ұясын жасқап өтер.
Түйіп ал топырағын қастерлесең,
Дәретсіз Түркістанды баспа бекер!
Ділімді жас білмесе, қартаң ұғар,
Ерлікті пір тұтады арқалылар.
Қабанбай қалқан болса, Түркістанға,
Түркістанда Қабанбай қалқаны бар.
Кімім жоқ, бұл өлкеде киелім бар,
Қаным бар, қадірлейтін сүйегім бар.
Қасырлар қатпарында қалып қойған,
Керуенді жұтқанда түйе құмдар…
Ойым бар, арманым бар, ұраным бар,
Қарманыңдар, осында құралыңдар!
Қазақтың бәрі түгел жиналғанда,
Аузыма қарататын бір әнім бар…
Жадырап жарлық берсе, бас денеңе,
Көзіңе тебіренбей, жас келе ме?!
Аруақ мені көтерме әуреленіп,
Мен сендерді көтерем тастөбеме!
1999 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter