Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  117


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Қосағаш

Жайнатып, жайған кезде көктем гүлін,


Туыппын бірі болып жоқ белгінің.
Атан бойы ақ шиге қос бәйтерек,
Әйгілеп тұрады екен өктемдігін.
Шұбартып үйге түскен көлеңкеден,
Кинодай тіріледі өткен күнім…
Ақ орда саясында алты қанат,
Жапқандай жасыл түбек жалпы манат.
Әкеліп екті ме екен осы ағашты,
Қасырлар қатпарының халқы қалап?
Келгендей сол жорықтан бусанады,
Суымай, табан астын тарпыған ат.
Батырдай жауға шапқан басты байлап,
Желігіп, жеткізді ме, тасқын айдап?..
Емілдің ернеуіне қалай өскен,
Ойлайық қартты демеп, жасты қайрап!
Өнетін, маңындағы басқаларын,
Әлде кім жұлды ма екен қастық ойлап?..
Басына шығушы еді көрші-көлем,
Күн салып, маңдайына тершімеген.
Байыппен малын көздеп айналадан,
Көп болса, бір шыбығын еншілеген.
Сәби ем сол биіктен дәмесі бар,
Сағыныш онда бүйтіп, өршімеген…
Бұл менің кіндік кескен жұртым еді,
Жүрегім соған ылғи нұр тіледі!
Орынын отау үйдей опырайтып,
Енді оны қандай пысық құртып еді?!
Ағашым атымен жоқ аялаған,
Несімен жұбатады қырты мені?!
Мұндай да қайтып қана тұра аласың?!
Айтушым күмілжіді сұрағасын.
Құруы-Қосағаштың рас екен,
«Білмеуші ем, – деп құтылады, – бұл арасын…»
Мешітке, қарай бердім, мұнараға,
Құлатып, көңілімнің мұнарасын!..


 


1989 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу