Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  104


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Полонез

Үніңді ұқтым, үніңнен мұңыңды ұқтым,
Полякша білмесем де тіліңді ұқтым!
Мен үшін сенің сөзің қазақша ғой,
Айтылған аржағынан шымылдықтың.
Кім білсін сені менше бастан кешпей?!
Бәрімізді тарыдай шашқан мешкей…
Бұлтымен, боранымен араласып,
Гималай шоқысынан асқан көштей.
Сен – поляк, мен қазақпын айырмамыз,
Сені ұстаған тұста біз Жайырдамыз.
Қай заман, одан бері, құдайым-ау,
Шықшытын талай қырттың айырғамыз…
Онда сен тергеудесің, Польшадасың.
Мен сәби ем, сүйреткен қолшанасын.
«Кеден – кеден болғанда, кесір неден?»
Анық талдай алмадым сол шамасын.
Қорланып құл-құтанға қайран басың,
Еріксіз туған жерден айдалғансың.
Өріп жүр жер шарында мен сияқты
Сені пір тұтатұғын майдандасың.
Қайғыдан күлем кейде арылған боп,
Маңайымда тарығып, тарылған көп.
Мен өзіңнен он есе қорлық көрдім,
Бірақ әлі жүрегім жарылған жоқ.
Жаным суып, ұқсайды Тундраға,
Зорлық бар да өнерді оңдыра ма?!
Жерім кеңіп қалады, құйқылжытып,
«Поленезді» ойнасам, домбырада.
Қазына жатады ғой мида ғана,
Мен де көп көңіліне сыйғам, аға.
Ақынмын, атбегімін десем егер,
Ол жақтағы ынжықтар илана ма?..
Арамды тазартатын ағын суша,
Тасимын ерегесіп, сағым сынса.
Аруақ болсаң, Джордж Соросқа айтып,
Осы өлеңді сөйлетші ағылшынша!


 


2000 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу