file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  22.08.2022
  345


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Хор қыздары

(Балдыздарға)


Түсті де жақсылыққа ырымдылық,
Көз тартпас, көріксізге ұрынбадық.
Ұжмақта хордың қызы бар деп естіп,
Табиғи таза жолдан бұрылмадық.
Жігітті жер тұбінен тұнғаттырар,
Ішінде неше түрлі сымбатты бар.
Сұлулар көрмесіне жиналғандай,
Сендер кім боласыңдар, қымбаттылар?..
Сөйлессек, ғашықтардың жоқ тілімен…
Шырақтай жанарларың отты кілең.
Әлемде не ғажайып өлең туған.
Сұлудың өздеріңдей көптігінен.
Жайлаудың бірің бейне-қоңыр гүлі,
Аққудың бірің құдды көгілдірі.
Әркімді жер шетінен іздеп, тауып,
Құраған қалай, қайтіп өмір мұны?!
Бүрлеген бірің торы тобылғыдай,
Айып па, толқып тұрса, көңіл бұлай?!
Жүргендер көкке қарап, мұнда келсе,
Бермей ме, жерден тауып, жоғын құдай?!
Құлақта біреуінің әні қалып,
Тереңдеп таныспадық, танымадық.
Өлеңді ойланармыз, ең әуелі,
Хор қызымен ауыздың дәмін алып…
1994 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу