Өлеңдер ✍️
БАЯН ЖЫРАУ
Қыпшақтан шыққан, қайран, Баян жырау,
Атағың адамзатқа аян, жырау,
Алаштан сені бөліп алып кеткен,
Дүние неткен арам, аяр мынау,
Қыпшақтан шыққан, қайран, Баян жырау?!
Ерім-ай!
Елге мойыны бұрылмаған...
Жыр төгіп бозторғайдай шырылдаған,-
Қорқыттан қалған қаның еді сенің,
Қобыздан қалған қаның шымырлаған,-
Жыр төгіп бозторғайдай шырылдаған!
Сол қаның кәуірге де сүйікті етті.
Іштегі шерін Жырға үйіп-төкті.
Іштегі шерін Жырға үйіп-төгіп,
Адасқан елін Жырға үйіп-төгіп,
Шымырлап тұрып...
Қалай ұйып кетті?!.
Кім айтты: «Елдің бағы - соғыста! - деп,
Қай жерде өссең - ту ғып соны ұста!» - деп?
...Сол кездің Олжасы едің, зәу-затың жүр:
«- Қыпшақ па, кім бұл?!»
«- Әлде, орыс па?» - деп...
Кім айтты: «Қыпшақ жоқ деп - қырылмаған?!!»,
Сайтан ба құлағыңа сыбырлаған...
Жат тілде жарқ-жұрқ еткен жасындайын,
Қорқыттан қалған қан-ай, - шымырлаған,
Қобыздан қалған қан-ай, - шымырлаған...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter